Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының "Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы" КМҚК

Мекенжай

Тараз қ, Төле би көш, 89

Байланыс Телефоны

+7 (7262) 34-29-59

Жұмыс уақыты

Дүйсенбі - Жұма: 09.00 - 18.00

Басты бет / Ұжым / Өнер ұжымдары / «Ақ кербез» би ансамблі

«Ақ кербез» би ансамблі

КЕНЕН ӘЗІРБАЕВ АТЫНДАҒЫ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛАРМОНИЯСЫНЫҢ «АҚКЕРБЕЗ» БИ АНСАМБЛІНІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЕҢБЕК ЖОЛЫ

К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «Ақкербез» би ансамблі 2012 жылдың ақпан айында құрылды. Ансамбльдің негізгі мақсаты – қазақтың ұлттық би өнерін дамыту, халықтық хореография дәстүрін сақтап, оны заманауи сахналық бағыттармен ұштастыра отырып көрерменге ұсыну.

Ұжымның көркемдік жетекшісі әрі қоюшы-балетмейстері, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, Мәдениет саласының үздігі Айжан Санатқызы Қонарбаева. Оның шығармашылық жетекшілігімен ансамбль аз уақыт ішінде кәсіби деңгейін қалыптастырып, өңірлік және халықаралық мәдени кеңістікте өзіндік орны бар шығармашылық ұжымдардың біріне айналды. Бүгінде ансамбль құрамында 20 биші өнер көрсетеді.

Ансамбль құрылғаннан бері Қазақстанның мәдени өміріне белсенді қатысып келеді. Ұжым республикалық және халықаралық фестивальдерге, байқауларға, мерекелік концерттер мен мәдени жобаларға тұрақты түрде қатысып, ұлттық би өнерін кеңінен насихаттап жүр.

2014 жылы ансамбль Алматы қаласындағы «Хабар» агенттігінің «Білім және мәдениет» телеарнасында көрсетілген «Ғасырлар пернесі» бағдарламасына қатысып, ұлттық би өнерінің ерекшелігін танытты. Сонымен қатар ұжым Шымкент, Түркістан, Кентау, Астана, Алматы, Талдықорған, Ақтөбе, Орал қалаларында, сондай-ақ Қырғыз Республикасының Талас қаласында гастрольдік концерттер беріп, көрермендерге ұлттық би өнерінің көркем үлгілерін ұсынды.

Ансамбльдің шығармашылық жетістіктері де айтарлықтай. Ұжым облыстық жастар Дельфийлік ойындарында жүлделі орындарға ие болып, республикалық «Бұраң бел» би байқауында ІІІ орын иеленді. Астана қаласында өткен «Аймақтар аламаны» республикалық телебайқауында жеңімпаз атанды.

2015 жылы республикалық өнер конкурсында Гран-при жүлдесін жеңіп алып, кәсіби би ұжымы ретінде өз мүмкіндігін кеңінен көрсетті.

2016 жылы «Баласағұн» орталық концерт залында ансамбльдің алғашқы «Би маржандары» атты есептік концерті өтті. Ал 2018 жылы «Би керуені» атты шығармашылық кешін ұйымдастырып, көрермендерге жаңа би қойылымдарын ұсынды.

Ансамбльдің шығармашылық жолы ғылыми-танымдық еңбектерде де көрініс тапты. 2018 жылы облыстық білім басқармасының қолдауымен жарық көрген жалпы білім беретін мектептің «Өлкетану» оқулығына «Ақкербез» би ансамблінің шығармашылық қызметі енгізілді.

Ұжым шетелдік мәдени іс-шараларға да белсенді қатысып келеді. 2017 жылы Үндістанның Дели, Порт-Блэр, Шиллонг және Гувахати қалаларында концерттік бағдарламалар ұсынып, қазақ би өнерін халықаралық деңгейде таныстырды. 2019 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінің Әбу-Даби қаласында өткен Шейх Заид атындағы халықаралық мәдени фестивальге қатысып, арнайы сертификат иеленді.

Сол жылы Шара Жиенқұлова атындағы V республикалық қазақ биі конкурсында жүлделі орынға ие болып, ансамбль бишісі Гүлнұр Қасымбек «AKADEMY KAZAKHSTAN» халықаралық би жобасының лауреаты атанды.

2020 жылы ансамбль өнерпаздары ұлттық мәдениетті насихаттауға бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асырды. Атап айтқанда, «Би керуені – 2020» облыстық хореографиялық ансамбльдер конкурсын ұйымдастырып, сондай-ақ онлайн форматта шеберлік сабақтарын өткізді. Сонымен қатар республикалық «Біз біргеміз» челленджіне қатысып, «Шаттық» биін орындады.

2021 жылы Көкшетау қаласында өткен «Сәлем, Елорда!» республикалық өнер шеруі аясында балетмейстер Айжан Қонарбаева хореография жанры бойынша шеберлік сабақтарына қатысып, кәсіби біліктілігін арттырды. Сол жылы Талдықорған қаласында өткен «Алтынай» атындағы І республикалық би байқауында ансамбль ІІІ орын иеленіп, арнайы сертификатқа ие болды.

2022 жылы Өзбекстанның Хиуа қаласында өткен «Лазги» халықаралық би фестиваліне қатысып, ансамбль бишілері жоғары деңгейде өнер көрсетті. Биші Гүлнұр Қасымбек «Аққу» биімен І орын иеленіп, халықаралық деңгейде жүлделі атанды.

Сол жылы Астана қаласында өткен NOMAD AWARDS халықаралық хореографиялық конкурсында ансамбль бишісі Айгүл Нұрымова қазақтың «Ерке сылқым» және ұйғырдың «Чинтәқса» билерін орындап, І орын лауреаты атанды.

2023 жылы ансамбль Ақтөбе қаласында өткен Нұрсұлу Тапалованың 100 жылдығына арналған «Бидің нұры – Нұрсұлу» республикалық байқауында ІІІ орынды иеленді. Сондай-ақ Шымкент опера және балет театрында өткен «Дала сыры» би кешінде өнер көрсетіп, алғыс хатпен марапатталды.

2025 жылы Түркістан қаласында өткен «TURAN DANCE» республикалық кәсіби би ұжымдары байқауында ансамбль І орынды жеңіп алды.

Сол жылы Италияның Вьесте қаласында өткен Дүниежүзілік фольклорлық фестивальде Қазақстан делегациясы құрамында өнер көрсетіп, ұлттық би өнерін халықаралық сахнада таныстырды.

2026 жылы Үндістанның Сураджкунд қаласында өткен халықаралық мәдени жоба аясында ансамбль «Ән мен бидің керуені – Үндістанда!» атты концерттік бағдарламасын ұсынып, қазақтың ұлттық би өнерін шетелдік көрермендерге паш етті.

2026 жылғы 18–22 ақпан аралығында «ӨнерUp» сахна зертханасы жобасы аясында «Ақкербез» би ансамбліне шеберлік сағаттары өткізілді. Жобаның негізгі мақсаты – ансамбль әртістерінің кәсіби шеберлігін арттыру, заманауи және ұлттық хореография бағыттарын үйлестіре отырып сахналық мәдениетті дамыту, сондай-ақ жаңа қойылымдар жасауға шығармашылық серпін беру болды. Сонымен қатар, тәжірибелі хореографтардың тәжірибесін бөлісу арқылы жас бишілердің орындаушылық деңгейін көтеру көзделді.

Шеберлік сабақтары барысында халықаралық конкурстардың лауреаты, «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері Сиязбек Уәлитбек Садықұлы қатысушыларға қазақы пластика мен заманауи хореография элементтерін үйлестіру жолдарын үйретті. Дене техникасы, сахналық қозғалыс, образ жасау және композициялық құрылым бойынша тәжірибелік жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде «Рухты мекен» атты қазақы заманауи хореографиялық қойылым сахналанды. Қойылымда ұлттық болмыс пен қазіргі би тілінің үндестігі көрініс тауып, ансамбль репертуары жаңа мазмұнмен толықты.

Сондай-ақ, 20–22 ақпан аралығында халықаралық конкурстардың лауреаты Амина Самарбаева фольклорлық би лексикасын терең меңгеру, сахналық нақышты айқындау, ансамбльдік үйлесім мен көркемдік тұтастыққа мән беру бағытында жұмыстар жүргізді. Қатысушылар ұлттық би элементтерін жаңаша қырынан игеріп, сахналық интерпретация жасау тәжірибесін арттырды. Нәтижесінде «Нұрлы өлке» атты қазақы фольклорлық хореографиялық қойылым сахналанды. Қойылым ұлттық дәстүр мен сахналық шешімнің үйлесімін көрсетіп, ансамбльдің шығармашылық әлеуетін жаңа деңгейге көтерді.

Бүгінде «Ақкербез» би ансамблі ұлттық хореографияның үздік дәстүрлерін сақтай отырып, заманауи сахналық бағыттарды дамытуға үлес қосып келе жатқан шығармашылық ұжымдардың бірі болып табылады. Ұжымның репертуарында қазақ және басқа да ұлттардың би қойылымдары бар.

Ансамбль алдағы уақытта да ұлттық мәдени мұраны дәріптеп, қазақ би өнерінің мәртебесін биіктету жолында шығармашылық қызметін жалғастыра бермек.