Тараз» триосы
КЕНЕН ӘЗІРБАЕВ АТЫНДАҒЫ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛАРМОНИЯСЫНЫҢ «ТАРАЗ» ТРИОСЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЕҢБЕК ЖОЛЫ
«Тараз» триосы — қазақ эстрадасы мен халықтық музыкалық өнерінің дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан кәсіби шығармашылық ұжымдардың бірі. Трио 1974 жылы Жамбыл облыстық «Алатау» халықтық-жастар эстрадалық ансамблінің құрамында құрылып, бастапқыда «Жамбылдық домбырашы-әншілер триосы» деген атаумен танылды. Өткен жылы ұжымның құрылғанына 51 жыл толып, мерейтойлық концерті ұйымдастырылды. Трионың қалыптасуына белгілі өнер қайраткерлері Алтынбек Қоразбаев, Мұқтар Рахманқұлов және басқа да өнер майталмандары зор үлес қосты.
Ұжым репертуары халық әндері мен халық композиторларының шығармаларынан, сондай-ақ жергілікті және республикалық деңгейде танылған композиторлардың туындыларынан тұрады. Өзінің кәсіби шеберлігімен қазақ өнерін кеңінен танытып жүрген трио республикалық және халықаралық деңгейдегі көптеген мәдени іс-шараларға қатысып, бірқатар марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, республикалық «Жігер – жастар» фестивалінің лауреаты атанып, екі мәрте Мәскеу қаласында өткен Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысып, Алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар Бүкілодақтық фестивальге, республикалық халық шығармашылығы телевизиялық конкурсына, Кенен Әзірбаев атындағы «Шырқа даусым» республикалық ән байқауына (2003 ж.), «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы ұйымдастырған «Дала дауысы» халықаралық радиофестиваліне (2012 ж.) қатысып, лауреат атанды.
2005 жылы Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 жылдығына орай Түркия Республикасының сегіз қаласында концерттік тур ұйымдастырды.
Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойы қарсаңында ұжым атауы «Тараз» триосы болып өзгертіліп, оның құрамы жаңа талантты орындаушылармен толықтырылды.
Қазақстан мен Польша арасындағы мәдени байланыстар аясында Варшава қаласында өткен «Менің Жібек жолым саған» атты халықаралық мәдени іс-шараға қатысып, ұлттық өнерімізді насихаттады.
2013 жылы ұжым Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
2016 жылы 19–29 наурыз аралығында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен Түркия Республикасында өткен Наурыз мерекесіне арналған мәдени бағдарламаға қатысты.

Қазіргі таңда «Тараз» триосының құрамында:
Асылхан Шүңіреков — домбырашы, 2012 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын иеленген;
Ержан Ыдырысов — сырнайшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 2016 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері;
Ноян Сейділдаев — домбырашы, шертерші, дауылпазшы, «Мәдениет саласының үздігі», 2004 жылғы «Жас қанат» республикалық байқауының дипломанты, 2020 жылы облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және 200 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықпен марапатталған.
«Тараз» триосы — дәстүр мен заманауи үрдісті үйлестіре білген, ұлттық өнерімізді кеңінен насихаттап келе жатқан іргелі шығармашылық ұжым.
26 Сәуір 2019