Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының "Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы" КМҚК

Мекенжай

Тараз қ, Төле би көш, 89

Байланыс Телефоны

+7 (7262) 34-29-59

Жұмыс уақыты

Дүйсенбі - Жұма: 09.00 - 18.00

Басты бет / Ұжым / Өнер ұжымдары / «Алатау» фольклорлық ансамблі

«Алатау» фольклорлық ансамблі

К.ӘЗІРБАЕВ АТЫНДАҒЫ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛАРМОНИЯСЫНЫҢ «АЛАТАУ» ФОЛЬКЛОРЛЫҚ АНСАМБЛІНІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЕҢБЕК ЖОЛЫ

Өңіріміздегі ұлттық өнердің жанашыры ретінде ел ішіндегі өнерпаздардың шығармашылық өсуіне қолдау көрсетіп, халқымыздың бай қазынасы – дәстүрлі өнерді кеңінен насихаттау мақсатында 2012 жылдың сәуір айынан бастап Жамбыл облыстық филармониясының жанынан «Алатау» фольклорлық ансамблі қайта құрылды.

Ансамбль 1970 жылы құрылған «Алатау» жастар ән-би ансамблінің шығармашылық дәстүрін жалғастыра отырып, тарихи атауын қайта иеленді.

Ансамбльдің қазіргі жетекшісі – халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, «Мәдениет саласының үздігі» Дастан Көреген.

Ұжым құрамындағы өнерпаздар сазсырнай, сыбызғы, жетіген, қылқобыз, домбыра, шертер және басқа да қазақтың көне музыкалық аспаптарында халық күйлері мен әндерін орындап, ұлттық өнерді жоғары деңгейде насихаттап келеді.

2012 жылы ансамбль Қырғыз Республикасының Талас қаласына гастрольдік сапармен барып, қазақ халқының ұлттық музыкасын насихаттады.

Қазақстан Республикасы мен Польша Республикасы арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайту мақсатында 2013 жылдың 8–18 маусымы аралығында Варшава қаласында өткен Жамбыл облысының «Менің Жібек жолым саған» атты мәдени күндеріне қатысып, өнер көрсетті.

2013 жылы Астана қаласының 15 жылдық мерейтойына орай өткен І Халықаралық «Қаратау сарыны» дәстүрлі музыка фестиваліне, ал 2014 жылы ІІ Халықаралық «Қаратау сарыны» дәстүрлі музыка фестиваліне қатысып, Алғыс хаттармен марапатталды.

2013 жылы Түркия Республикасының Самсун қаласында TÜRKSOY халықаралық ұйымы мен Самсун қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен Халықаралық өнер фестиваліне қатысып, марапатқа ие болды.

2014–2015 жылдары Алматы қаласындағы «Хабар» агенттігінің жанынан ашылған «Білім және мәдениет» телеарнасындағы «Ғасырлар пернесі» бағдарламасында ансамбльдің концерттік бағдарламалары ұсынылды.

2016 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Алатау» фольклорлық ансамблінің орындауындағы күйлер мен әндерден тұратын «Қазақ елі» атты CD жинағы жарық көрді.

2017 жылы 28 шілдеде EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Жамбыл облысының күндері шеңберінде Астана қаласындағы «Қазанат» ипподромы аумағында орналасқан Этноауылда «Алатау сазы» атты концерттік бағдарламасын ұсынды.

2017 жылдың 3–7 қараша күндері Астана қаласында өткен ХХ «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестиваліне қатысып, дипломант атанды.

2018 жылы облыстық білім басқармасының қолдауымен «Алматыкітап» баспасынан жарық көрген жалпы орта білім беретін мектептердің «Өлкетану» оқулығына ансамбльдің шығармашылық еңбек жолы енгізілді.

Ансамбль «Бабалар сазы», «Бабадан қалған күмбір күй», «Тараз – ғасырлар куәсі», «Әулиеата сазы», «Тараздан тарту» сияқты халық музыкасына арналған концерттік кештерді республика көлемінде, облыс және аудан орталықтарында ұйымдастырды. Сонымен қатар Алматы қаласындағы Орталық концерт залында өткен «Елден сәлем» концертінде өнер көрсетті.

Өнер сапарларымен Астана, Алматы, Талдықорған, Шымкент, Қызылорда, Түркістан, Орал, Ақтөбе және басқа да қалаларда концерттік бағдарламалар ұсынды.

Ансамбль:

Астана қаласында өткен ХХ «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің дипломанты (2018);

«Көне Тараз күмбірі» республикалық этно-фольклорлық ансамбльдер конкурсының «Кенен Әзірбаев» номинациясының иегері (2019);

Күйші-композитор Дәулеткерей Шығайұлының 200 жылдығына арналған «Күй-live» республикалық қашықтан домбырашылар конкурсының лауреаты (2019);

Шымкент қаласында өткен «Достастық халықтарының музыкасы» онлайн фестивалінің лауреаты (2020).

Ансамбльдің жетігеншісі Айзат Өтепбаева аталған фестивальде дипломант атанды.

2019 жылы ансамбль Қазақстанның Өзбекстандағы жылы аясында «Жамбылдан Жыззахқа тарту» өнер сапарына қатысып, сондай-ақ Бішкек қаласында өткен «Жібек жолы керуені» халықаралық көрмесінде өнер көрсетті.

2020 жылы ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған Германияның Берлин қаласында өткен «Еуразия ақындары» жыр кешіне ансамбль домбырашысы Дидар Басықараев қатысып, Алғыс хатпен марапатталды.

Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойы аясында «Көне Тараз күмбірі» І республикалық этно-фольклорлық ансамбльдер конкурсы өткізіліп, осы өнер додасына ұсынылған «Тараз» және «Жамбыл» өңірлеріне арналған күйлердің партитуралар жинағы мен CD жинағы шығарылды (2019).

2020 жылы ансамбль Ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра дастан», Абайдың 175 жылдығына арналған «Желсіз түнде жарық ай», «Ән мен күйдің өлкесі – Әулиеата», «Әулиеата әуендері», «Дала думан», «Ән падишасы – Шәмші аға» атты концерттік бағдарламаларда өнер көрсетті.

Пандемия кезеңінде ансамбль бірқатар онлайн жобаларды жүзеге асырды: жетекші Дастан Көрегеннің онлайн шеберлік сағаты; Қапеш Байғабылұлының «Үш Меркі» әніне челлендж; Кенен Әзірбаевтың «Жаса Қазақстан» әніне республикалық челлендж; «Дала думан» телевизиялық онлайн концерті.

2021 жылы «Көне Тараз күмбірі» ІІ республикалық фольклорлық ансамбльдер конкурсында ІІ орын иеленді.

2023 жылдың 4–6 тамызы аралығында Аустрияның Филлах қаласында өткен «Villacher Kirchtag» халықаралық дәстүрлі фестиваліне қатысып, Қазақстан Республикасының елшілігінің Алғыс хатымен марапатталды.

2026 жылы 8-10 ақпан аралығында «Алатау» фольклорлық ансамбліне «Қорқыт» этно тобының жетекшісі, ҚР Білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшің  «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», Мәдениет қайраткері, «Қазақстан Музыка Қайраткерлері Одағының» мүшесі, Қазақстан композитор одағының мүшесі Қорғанбек Шолпан Ділдәбекқызының ансамбльдің репертуарын қалыптастыру, орындаушылық құраммен жұмыс жүргізу мақсатында шеберлік сабақтары өтті.

2026 жылы 23-25 ақпан аралығында ұлттық музыкалық мұраны заманауи сахна талаптарына сай дамыту, жас орындаушылардың кәсіби шеберлігін арттыру, фольклорлық ансамбльдің репертуарын байыту және шығармашылық тәжірибе алмасу мақсатында «Алматы әуендері», фольклорлы-этнографиялық «Сазген сазы» ансамблінің жетекшісі, бас дирижёрі, ҚР Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жалбиров Марат Иманбайұлының шеберлік сабақтары өтті.