Қазақ халық аспаптар оркестрі
К.ӘЗІРБАЕВ АТЫНДАҒЫ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛАРМОНИЯСЫНЫҢ ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ АСПАПТАР ОРКЕСТРІНІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЕҢБЕК ЖОЛЫ
Қазақ халық аспаптар оркестрі 2011 жылдың 3 мамырында Жамбыл облысының әкімдігінің қолдауымен құрылды. Оркестрдің басты мақсаты – халқымыздың бай мәдени қазынасы – дәстүрлі өнерді насихаттау және өңірдегі өнерпаздардың кәсіби дамуына қолдау көрсету.
2012 жылы Тараз қаласында оркестр бір жылдық мерейтойын атап өтті. Бұл шараға КСРО және ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бибігүл Төлегенова, Астана қаласы мемлекеттік филармониясының Қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, профессор Айтқали Жайымов, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан және Атырау облыстық филармонияларының бас дирижерлері қатысып, өнердің биік деңгейін көрсетті.
Бүгінде оркестрде 41 штаттық бірлік бар және репертуарында 400-ге жуық шығарма орын алады. 2021 жылдан бастап оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі дирижері – Мәдениет саласының үздігі Дулат Байзілдаев. Бұған дейін дирижерлер ретінде Көркемғали Серімбетов, Мұхтарбай Рахманқұлов, Адай Жұмат және Айдос Мендалиев еңбек етті.
Оркестр облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен кәсіби шеберлігін шыңдау мақсатында түрлі концерттерге, фестивальдерге және конкурстарға қатысады. Көптеген домбырашылар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, облыс әкімінің және филармонияның «Алғыс хаттары» мен «Мәдениет саласының үздігі» атағын иеленді.
Оркестр «Парасат», «Құрмет», «Достық» ордендерінің иегері, Қазақ ұлттық өнер университетінің құрметті профессоры Әбдімомын Желдібаевтың шығармаларын насихаттап, оның мерейтойларына орай «Әулиеата сазы» CD жинақтарын шығарып, «Күмбірле күйім елімде» мерейтойлық концерттерін жоғары деңгейде ұйымдастырды. Сонымен қатар, оркестр Қазақстанның тәуелсіздігінің 20 жылдығы, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі, Ұлттық домбыра күні, «Көне Тараз» кешені мен облыстың мерейтойлық іс-шаралары сияқты республикалық және халықаралық деңгейдегі концерттерге белсенді қатысты.
Оркестрдің шығармашылық жетістіктері: «Асыл қазына», «Ғасырлар пернесі» және «Хабар» телеарналарында дәстүрлі өнерді дәріптейтін концерттік бейнетүсірілімдер; Мектептерге арналған «Өлкетану» оқулығына еңбек жолының енгізілуі (2018); Шеберлік сағаттары мен облыстық конкурстарда үздік нәтижелер көрсету (мысалы, «Жез киік», «Үкілі домбыра», «Домбыра дастан»); Халықаралық фестивальдерде – Австрия, Марокко сияқты елдерде өнер көрсету және марапатталу; Күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев пен Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығын дәріптейтін концерттер ұйымдастыру; «Көне Тараз күмбірі» республикалық фольклорлық ансамбльдер конкурсында Ә.Желдібаевтың шығармаларын

2025 жылы Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен, К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының Қазақ халық аспаптар оркестрі алғаш рет «Әулиеата әуендері» атты аудиожазбалы плейлистін шығарды. Жобаның мақсаты – оркестрдің репертуарын жаңарту, композитор-аранжировщиктердің авторлық туындыларын тарту арқылы ұлттық музыкалық қорды байыту. Плейлистке «Егеменді ел», «Жамбыл жері», «Жібек жолы», «Тағзым» сияқты 20 ән-күй енгізілді.
5-7 мамырда Нұркен Әшіров оркестрге «Жібек жолы» туындысын ұсынды, дирижерлік қызмет етті және шеберлік сағаттарын өткізді. Шығарма қазақ даласының табиғаты мен тарихи жолдарын әуен арқылы бейнелейді.
11-15 мамырда Жайым Арман Айтқалиұлы «Егеменді ел» күй поэмасын ұсынды. Туынды Тәуелсіз Қазақстанның болашағын, халық рухын және ұлттық дәстүрлерді көрсетеді.
16-19 мамырда Нұрлан Бекенов «Сазды өлке» күй поэмасын ұсынып, Жамбыл жерінің табиғаты мен тарихын музыкалық тілмен жеткізді.
20-23 мамырда Нұрымбетов Еркін «Тағзым» күй поэмасын оркестрмен орындап, Ұлы Отан соғысының батырларын еске алу мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған туындысын шеберлікпен орындады. Шығармада соғыс кезеңінің трагедиясы, халық тағдыры, табиғат көріністері және жеңіс мотивтері музыкалық тілде бейнеленген.
Барлық шығармалар алғашқы рет Ұлттық домбыра күні аясында тыңдаушыларға ұсынылды, көрермендер мен өнерсүйер қауымға рухани әсер қалдырды.
Оркестр қазіргі таңда дәстүрлі қазақ өнерін насихаттау мен жастарды өнерге баулу бағытындағы маңызды миссиясын жалғастырып келеді, ұлттық музыка мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосуда.
26 Сәуір 2019